Шымкенттік жүргізушілер 10 күнде 10 мыңға жуық құқық бұзған

22 қараша, 18:13

Шымкентте 10 күндік «Қауіпсіз жол» іс-шарасының қорытындысы бойынша көлік жүргізушілері жасаған 9805 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Шымкент қалалық ІІБ баспасөз қызметі.

Көлік тәртібін жақсарту, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында 8-17 қараша аралығында Шымкент қаласы аумағында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Шара барысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының көліктік бақылау инспекциясы, көлік прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
10 күнге созылған шара нәтижесінде көлік жүргізушілері тарапынан жасалған 9805 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 210 автокөлік уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.

Сондай-ақ, 632 шақырым жол тексеріліп, оған 216 жол белгісі орнатылды.

Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды:

- конверсияланған көлік құралын тиісті рұқсатсыз басқарған 84 жүргізуші жазаға тартылды (ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігі);

- іссапар алдындағы міндетті техникалық және медициналық куәландырудан өтпеу (ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 8-бөлігі) – 86;
- техникалық байқаудан өтпеу (ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 9-бөлігі) – 679;
- көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану (ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы) - 465;
- шешілмеген қауіпсіздік белдігі үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігі) – 827 жүргізуші;
- басып озу немесе маневр жасау тәртібін бұзу (ҚР ӘҚБтК 595-бабы) - 302;
- тыйым салатын бағдаршаммен жүру (ҚР ӘҚБтК 599-бап) – 189;
- Жол қозғалысы кезінде жаяу жүргіншілер үшін артықшылықтарды бермеу (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабы) – 161;
- Төтенше жағдай жасау (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 606-бабы) – 58;
- көлік құралын жүргізуге құқығы жоқ адамның басқаруы (ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлігі) - 51;

- көлікті мас күйінде басқарғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы) - 60 жүргізуші.