Онлайн сөйлесу: шымкенттіктер қала әкімінің жеке қабылдауда

10 қараша, 15:38

Азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жүргізді.

Адамдар оларды не мазалайтыны туралы айтты. Осылайша, «Қазығұрт» шағынауданының тұрғыны Г.Қарасаева көшені жарықтандыру, тазалау, аялдамалар мен жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді.

Мұрат Әйтенов жарықтандыру жұмыстарын бірінші кезекте әлеуметтік нысандар орналасқан орталық маңызы бар көшелерде жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Арыстанбаб көшесін жарықтандыру 2023 жылға арналған жоспарға енгізілген. Отырар-Арыстанбаб көшелерінің қиылысындағы аялдаманы жөндеу мәселесі бойынша Шымкент қаласының әкімі жауапты орган басшысына ағымдағы айда жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырма беріп, бұл мәселені жеке бақылауына алды. Тұрғын үйлердің іргелес орналасуына байланысты жолдың жүру бөлігін кеңейту туралы өтініш техникалық тұрғыдан мүмкін емес екені айтылды. Сонымен қатар, тазалық мәселесі бойынша аудан әкіміне нақты тапсырма берді.

«Ақжайық» шағынауданының тұрғыны А.Қалдыбекова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашуға ниетті екенін айтып, орталық құрылысына жер телімін беруді сұрады. "Қала әкімдігі инвестициялық ынтымақтастықты орнату мәселелеріне әрқашан ашық. Сіздің өтінішіңіз бойынша Шымкент ӘКК басшылығына осы мәселені жан-жақты талқылау үшін сіздермен кеңес өткізуді тапсырамын", - деді қала әкімі.

Шымкент қаласының әкімі жер қатынастары саласындағы даулы мәселелерді шешу, заңсыз құрылыстар бойынша сұрақтар қойған азаматтарға барлық мәселелердің қолданыстағы заңнама аясында шешілуі керектігін түсіндірді.