Праймеризге қазығұрттық 6 мыңға жуық партия мүшесі дауыс береді

17 қыркүйек, 20:57

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында «Nur Otan» партиясы праймеризінде 6 мыңға жуық партия мүшесі дауыс беретін болады. Олар аудандағы 14 бастауыш партия ұйымының мүшелері болып саналады. Қазірдің өзінде аудандағы 5243 партия мүшесі, яғни «нұротандықтардың» 89,6 пайызы праймериз сайтына тіркелген. Ал, қалған 632 тұрғынды тіркеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы бастауыш партия ұйымында дауыс беретін және дебат өтетін орындардың дайындығымен танысуға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев келді.Сондай-ақ ,ол өңірдегі праймериз кандитаттарымен кездесті.

«Бастауыш партия ұйымдары уақытты тиімді пайдалануы қажет. Ең басты мақсатымыз – мүшелердің бәрін дерлік праймериз сайтына тіркеу. Праймериз үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан дайындықты күнделікті зерделеп отыруға тиіспіз. Осы ретте дауыс беретін орындардың дұрыс жабдықталуына мән берген жөн», – деді ол.

Сапар барысында бірінші орынбасар Шарбұлақ бастауыш партия ұйымы ұйымдастырған дебатқа қатысып, үміткерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жалпы Қазығұрт ауданында праймеризді ұйымдастыру және өткізу мақсатында 15 адамнан тұратын ұйымдастыру комитеті мен 5 адамнан тұратын есеп комиссиясы құрылған болатын. Сондай-ақ, кездесулер мен дебаттар өтетін 14 орын белгіленген.


Айта кетейік, Қазығұрт аумақтық ұйымдастыру комитетіне 93 үміткердің өтініші қабылданған. Олардың ішінде ҚР Парламент Мәжілісіне 1 үміткер, облыстық деңгейге 9 үміткер, аудандық деңгейде 83 кандидат тіркеліп, партияның кадрлық резервіне кіру үшін праймеризде бақ сынап жатыр.