06 қазан, 16:56
Қала тұрғындарын алаңдатқан мәселелердің бірі тұрғын үйлердің табиғи газбен қамтылуы. Қыс мезгілі жақындаған сайын қала әкімдігіне арыз-шағыммен келіп жатқан азаматтар саны артуда. Жыл басында уәде етілгендей биылғы жылы шаһарды толықтай газбен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Елді алаңдатқан мәселе бойынша Рашид Абатұлы Аюпов Түркістан облысы өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте сөз етті.
«Жыл басында уәде еткендей биылғы жылы қаламызды толықтай газбен қамтитын боламыз. Өткен жылы халықтың сынына ұшыраған көмірмен жылыту станциямызды толық жөндеуден өткізіп, қосымша резерв 15 күнге көмір алынып қойылды. Бірақ, жанында газбен жылыту қазандықтары тұрғызылып жатыр, оның құрылысы 15-қазан күні аяқталады деп күтіліп отыр» — деді қала әкімі.
Бүгінгі таңда газдың тарифтік бағасы бекіліп, жылу маусымына дайындық 100% аяқталуға жақын. Алайда, қала әкімінің айтуынша шаһардағы үйлердің 24 %-ы ғана газ кіргізуге дайын көрінеді. Себебі, тұрғындар өз үйлеріне шағын қазандықтар кіргізіп, ортақ газ құбырларына қосылуға дайын болуы тиіс. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50 %-ға жеткізу жоспарланған.