Түркістан: Тыйым салынған ақпаратты таратқаны үшін екі тұрғынға жауапқа тартылды

22 қыркүйек, 11:07

Түркістан облысында тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін екі ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-кеңістікке мониторинг жүргізу кезінде әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың парақшасынан тыйым салынған контентті тапты. Олар Төлеби ауданының тұрғындары болып шықты. Олардың деструктивті-діни ағымның жақтаушылары ретінде есепте тұрғаны анықталды. Жауапқа тартылғандар Қазақстан аумағында дәрістеріне тыйым салынған деструктивті ағым жетекшілерінің аудиожазбаларын таратумен айналысқан.
Сот шешімімен Төлеби ауданының екі тұрғыны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабының 1-бөлігі "діни мазмұндағы материалдарды заңсыз тарату" бойынша кінәлі деп танылып, олар 50 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері деструктивті діни ағымдарды жақтаушылар туралы әкімшілік заңнаманы бұзған 350-ден астам тұрғынды анықтады. Өз кезегінде Түркістан облыстық Полиция департаменті азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми интернет-ресурстарынан алынған әдебиеттер мен материалдарды басшылыққа алу керектігін ескертеді.