Биыл Түркістан қаласында 1300-ге жуық пәтер беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов мәлім еткендей, бүгінгі таңда Түркістанның Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 қабатты 24 тұрғын үй (барлығы 1452 пәтер) салынып жатыр. Оның 22-інің (барлығы 1296 пәтер) құрылысы биылғы қараша айында аяқталмақ.
Сонымен қатар, Әкімшілік-іскерлік орталықтан 12 қабатты 45 тұрғын үйдің қабырғасы көтерілуде. Сондай-ақ, 7 қабатты 15 тұрғын үйдің бірінші қабатын қалау, 9 қабатты 5 тұрғын үйдің іргетасын құю жұмыстары жүруде. Аталған үйлерді пайдалануға беру 2021 жылға жоспарланған. «Өткен жылы құрылысы басталған Б.Саттарханов даңғылы бойындағы «Желілік саябақ», «Аттракциондар саябағы», «Оқушылар сарайы», «Конгресс орталығы», «Жабық бассейні бар спорт сарайы», «Орталық стадион» және «Қ.А.Ясауи мұражайы», «Драматеатр» ғимараттары ағымдағы жылы ел игілігіне берілетін болады», - деді қала әкімі.