Шымкентте ерекше жандар 1000-нан астам қызметті үйлерінде алды

10 қыркүйек, 10:33

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүгедектерге үйде мемлекеттік қызмет көрсетеді. Ол үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтініш қалдыру жеткілікті.


- 56 сағат ішінде ХҚО қызметкері өтініш берушімен байланысып, клиентке қолайлы уақытта үйіне барады. – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ филиалы директорының орынбасары Айдос Әшетов. – Осы санаттағы тұлғаларға өз денсаулығына қауіп төндірмей, ХҚО-ға келмей, мемлекеттік қызметті үйде отырып алу мүмкіндігін пайдалануды ұсынамыз. Олар тізімдегі ең танымалдары – жеке куәлік беру, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болады.
Коронавирустық пандемия жағдайында мемлекеттік корпорация қызметкерлері барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қызмет көрсетеді. Барлық мамандар маскамен және антисептиктермен қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсетуге үлкен көңіл бөледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары үйде мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін ымдау тіліне оқытылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік мекемесінің Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері жыл басынан бері үйлеріне барып, мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Тұрмыстық қызметтерді 1 және 2 топтағы мүгедектер, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар және мүгедек балалар ала алады.