Шымкентте үшінші бизнес форум өтті

18 қараша, 17:32

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Шымкентте YPO Forum Shymkent үшінші бизнес-форумы өтті. Жаңа жағдайда ауқымды бизнес жүргізуге арналған шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстандағы бірқатар беделді бизнес өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Форумның ашылуында сөз алған қала басшысы бүгінгі іскерлік кездесудің отандық бизнесті дамытудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдау мен қорғау ел дамуының маңызды міндеті екенін атап өтті. Бүгінгі іс-шара экономикалық серіктестіктегі көпжақты ынтымақтастықты қамтамасыз етуге септігін тигізетініне сенімдімін. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде елімізде оңтайлы бизнес-климатты қалыптастырды. Біздің кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Біз инвесторлар үшін қолайлы бизнес-климатты құру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Шымкенттің бизнес өкілдерімен әріптестікті нығайтуға әрқашан дайын екенін хабарлаймыз!». – деді Әйтенов.

Бұл ретте әкім республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан бері Шымкент қаласы өнеркәсібі көлемінің өсімі 711,5 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Осы уақыт ішінде қалаға 2,6 триллион теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жаңа кәсіпорын ашылды, ашылған жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асты. Шағын және орта бизнес саласында 87 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6 пайызға жетті

YPO (Жас Президенттер Ұйымы) – әр елде филиалдары/тараулары бар бизнесмендердің жабық халықаралық клубы. Әлемде барлығы 25 мың клуб мүшесі бар: олар табысты иелері немесе бизнес менеджерлері. Қазақстанда YPO-да 34 кәсіпкер бар. Алты жетекші қазақстандық бизнесмен форумның спикерлері және жас кәсіпкерлердің тәлімгерлері. Форумда Рамиль Мухоряпов, Арманжан Байтасов, Рауан Кенжеханұлы, Тимур Турлов, Еркебұлан Ілиясов, Айдын Рахымбаев сөз сөйледі.