Енді электр қуатының тапшылығы болмайды. Бұл туралы РСК-да өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов мәлім етті. Оның айтуынша, АГДС-3 қараша айының соңына дейін Шымкентке қосылады. Қазірдің өзінде еліміздің үшінші мегаполисіне қажетті қосалқы бөлшектер жеткізілді.
Сондай-ақ ол электр энергиясы тарифінің көтерілуі мүмкін деген сұраққа жауап берді:
«Шымкентте электр энергиясының тарифі көтерілмейді! 100%. Жағдай тұрақты», - деді әкімнің орынбасары.
Ал, электр қуатын берудегі шектеулерге келсек, қалалық әкімдікте түсіндірілгендей, Шымкент жазда 313-315 МВт, ал жылыту маусымында 375 МВт (шың) электр энергиясын тұтынады.
Қала электр қуатын келесі көздерден алады:
• Екібастұз ГРЭС-1,2 - 221 МВт;
• Жамбыл ГРЭС – 40 МВт;
• Шардара ГЭС – 50 МВт;
• ЖЭО-3 - 40-121 МВт.
Қазір Екібастұз ГРЭС-2 электр стансасында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, сондықтан ол жұмысын уақытша тоқтатып, қалаға 221 МВт орнына 120 МВт жеткізілді. Сондай-ақ, Шардара ГЭС-інде су деңгейінің төмендеуіне байланысты 50 МВт орнына 8 МВт беріледі.
Осы себептерге байланысты қала аумағында 5-20 МВт уақытша шектеулер қалыптасты.
Бұл мәселені шешу үшін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Жамбыл ГРЭС-пен қосымша 70 МВт электр қуатын жеткізу туралы келісімге отырды. Бұл өз кезегінде қаладағы электр қуатының жетіспеушілігін толығымен жабады.