06 наурыз, 11:50
Түркістан облысындағы қасиетті орындарға келетін индонезиялық мұсылмандар саны көбейіп келеді. Бұл туралы Түркістан делегациясы мен Индонезияның ірі туроператорларының Джакарта қаласындағы кездесуінде белгілі болды.
Индонезиялық туристер біздің өңірдегі Арыстан Баб және Қожа Ахмет Яссауи мавзолейлері, аңыз бойынша Мұхаммед Пайғамбардың сахабаларының бірі болған Үкаша ата құдығы, таудағы іші таңғажайыпқа толы Ақмешіт үңгірі сияқты тарихи-мәдени орындарға қатты қызығуда.
Жыл сайын Индонезиядан миллиондаған мұсылман Сауд Арабиясына ұмра және үлкен қажылыққа барады. Ұмрадан соң қажылардың көбісі Орталық Азиядағы қасиетті жерлерді аралауды жалғастырады.
«Орталық Азиядағы турбағытқа Өзбекстандағы Бұқара, Самарқанд, Иорданиядағы жартасты қала Петра және тағы да басқа елдер қосылған. Енді саяхат географиясы кеңейеді. Ол бағытқа Түркістан облысындағы қасиетті орындар қосылады», - дейді «Turkistan Invest» сыртқы байланыс бойынша басқарушы директоры Баян Қаюпова.
Келіссөздер барысында Индонезия билік Алматы және Джакарта қалалары арасында тікелей әуе рейсін ашуды ұсынды. Бүгінгі таңда Алматы және Джакарта арасындағы ұшақ Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласы арқылы қатынайды.
«Алматы-Джакарта бағытындағы тікелей әуе байланысының ашылуы туристердің көбеюіне, оның ішінде біздің өңіріміздегі қасиетті орынға келушілер санының артуына себеп болады. Индонезия халқының саны бүгінде 270 млн адамға жетті, оның 90 пайызы – мұсылман. Біздің туристердің көбісі Түркістанға қыдыру мүмкіндігін пайдаланады деп ойлаймын», - дейді Индонезия президентінің арнайы өкілі Адатия Пердана.
Айта кетейік, бұл кездесу Түркістан облысының Малайзия және Индонезия елдеріндегі роуд-шоуы аясында өтті. Делегация құрамында Түркістан облыстық туризм индустриясын дамыту қауымдастығы, «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы – «Turkistan Invest», «Turkistan Tourism Center» ақпараттық орталығы, «Aray Deluxe Thermal Resort» санаториі, «Sky Way» туристік операторлары, «Түркістан Элит тур» ЖШС және «Экспедиция Юг» ЖШС секілді компаниялардың жетекшілері мен өкілдері болды. Іс-сапарды Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасы ұйымдастырған.