Ақтөбеде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында болашақ жарын өлтірді деп айып тағылған жас жігітке сот үкім шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға өткен жылдың тамыз айында орын алды. Жас жігіт марқұм Әсем Эльбрусовамен 2018 жылы танысып, 2019 жылы отбасуға құруға шешім қабылдайды. Бойжеткен де келісімін берген. Алайда тамыз айында олардың араларында жанжал туып, жалдамалы пәтерде қыз көз жұмады.
Сот барысында айыпталушы орын алған жанжалдың қызғаныштан шыққанын айтқан. 23 жастағы жігіт қызды итеріп жіберген кезде 22 жастағы қыз диванға құлап, кейін аузынан көбік шыға бастаған. Сот кезінде жас жігіт қызды өлтіргісі келмегенін, қолы қыздың мойнына қалай барып қалғанын өзі де байқамай қалғанын айтқан. Қыз қаза тапқан соң, жігіт дәріханадан дәрі алып өзін-өзі өлтірмекші болған. Көп дәрі ішкен ол ұйқыға кеткен. Оянғанында аман қалған ол полицияға өз еркімен берілуді дұрыс деп шешіпті. Сотта соңғы сөзін айтқан айыпталушы болған оқиғаға өкініш білдіріп, кешірім сұрады.
Жас жігіт Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын алды. Одан өзге жәбірленуші тарапқа 2,7 миллион теңге материалдық және 3 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.