​​ІІМ жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияны шұғыл шақыруда

28 қаңтар, 11:45

ІІМ жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияны шұғыл шақыру бойынша ұсыныс жасады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, елдегі қылмыстық заңға байланысты 14 жасқа толған жеткіншектер ауыр жағдайда бұзақылық жасау әрекеті үшін (ҚР ҚК 293-бабының 2 және 3-тармақтары) қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бір топ жеткіншек өздерінің құрдастарына қарсы заңға қайшы әрекет жасағанда дәл осы баппен қылмыстық өндіріс ашылады.

«Жасы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында ата-аналарды, оқу орындарының оқытушыларын жастарға қылмыстық жауапкершілік жасына толу туралы, ойланбай жасаған әрекеттердің зардабы туралы түсіндіруге шақырамыз. Себебі, мектеп жасында істелген бір олқылықтың салдарынан жасөспірім жауапкершілікке тартылып, жылдар бойы опық жеуі мүмкін», - деді Алмас Сәдубаев.
«Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында туындаған жағдайды талқылау мақсатында ІІМ тарапынан Білім және ғылым министрлігіне ҚР Үкіметі жанындағы жасы кәмелетке толмағандар және олардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияны шақыру туралы ұсыныс жасалды», - деді Сәдубаев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларын соққыға жығуға қатысты бірнеше видео-ролик тарап кеткен еді. Түркістан облысында жеткіншекті жоғарғы сынып оқушылары таяққа жыққан. Кейінірек топпен соққыға жығу видеосы Қызылорда облысында пайда болды. Енді таяуда Қарағандыда мектеп оқушысының соққыға жығылғаны белгілі болды.