14 жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен жас жігіт қылмыс үстінде табылды

04 сәуір, 12:36

Өзбекстан Республикасының азаматы Хошимов Ориф 2005 жылдан іс түссіз жоғалған баласының табылғаны үшін Түркістан облысы полицейлеріне алғысын білдірді.

Ордабасы ауданында азық-түлік дүкеніне ұры түсіп, 100 мың теңгенің тауарын үптеп кеткендігі туралы жергілікті тұрғын полицияға арызданған. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шарасы барысында күдікті ретінде Өзбекстан азаматын құрықтаған. Онымен қоса күдіктінің жергілікті тұрғынға дене жарақатын салғаны да анықталған. Сөйтіп Өзбекстан азаматына "ұрлық" және «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша айып тағылып жауапкершілікке тартылады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күдіктінің 2005 жылдан көрші мемлекетте хабар ошарсыз жоғалып кеткендер қатарында болғандығы және ата-анасының іздеу салғандығы белгілі болған. Көрші елден бұл хабарды ести сала жеткен әкесі ұлының үйінен жасөспірім кезінде шығып кеткендігі және ата-анасының оны табудан бар үмітін үзгендігін айтқан. Он төрт жыл бойы жас жігіт Қазақстанның бірнеше облысында әртүрлі жұмыстармен айналысқан.

"Қазір Түркістанның полицейлері қолында тек қана туу туралы куәлігі болған Өзбекстан азаматын құжаттандыру үшін қажетті іс-әрекеттердің барлығын атқаруда.

Тергеушілер айтып өткендей, күдікті Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Күдіктінің әкесі Ориф Хошимов Ордабасы ауданының полицейдеріне ұлын тауып бергені үшін алғысын айтуда"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Фото: класно.info