Биыл қазақстандықтарға шетелде оқу үшін 20 000 білім гранты бөлінді және білім алушы жылжымайтын мүлікті кепілдікке қоюға міндеттелмейді. Бұл туралы Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында өткен студенттермен кездесуде халықаралық бағдарламалар орталығының өкілі Алтай Нұрманов мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Білім аламын деушілер үшін биыл әлемнің 30-дан астам мемлекетінде тегін оқуға мүмкіндік бар. Атап айтқанда, Венгрияға – 200, Қытай еліне - 122 грант, Украина - 40 грант, Испания - 75 грант, Германияға - 15 грант қарастырылған. Сондай-ақ, бұл тізімді Польша, Малайзия, Оңтүстік Корея, Нидерландия, Жапония, Испания, Түркия сынды елдер жалғастырады. Статистикаға сүйенсек, үкіметаралық гранттар бойынша қазақстандық талапкерлер көбіне Ұлыбритания мен АҚШ сынды мемлекеттерде білім алуды таңдайды екен.