200 мың теңге пара алған: Тараздық шенеунік АӘК тағайындап беремін деп істі болды

18 қараша, 15:00

Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы пара алды деген күдікке ілінді. Ол атаулы әлеуметтік көмек алушылар тізіміне енуді шамамен 200 мың теңгеге бағалаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманын әшкереледі. Ол атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдескені үшін тұрғыннан 199 500 теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Күдікті мен оның қорғаушысының сотқа дейінгі тергеуді жедел өткізуге өтініші мен келу туралы жазбаша міндеттеме беруіне байланысты, оған қатысты процессуалдық қамау қолданылмады», - делінген ведомство мәліметінде.

Шенеуніктің кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығаратын болады.