Ақмола облысында 21 рет алаяқтық жасаған әйел ұсталды. Күдікті Павлодар тұрғыны өз ойын әлеуметтік желі арқылы іске асырып келген.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті 2019 жылдың шілдесі мен желтоқсан айы аралығында «ОЛХ» әлеуметтік желісі арқылы Көкшетау қаласында пәтер жалға берілетіні туралы жарнама жариялаған. Зардап шеккендердің басым көпшілігі арзанға пәтер жалдамақ болған студенттер.
"Ең бірінші полицияға Көкшетау қаласындағы 19 жастағы студент қыздан арыз түсті. Одан кейін тағы жергілікті 20 адамнан арыз түскен. Күдікті әйел жарнама бойынша қоңырау шалған «клиенттеріне» пәтер іздеген адамның көптігін айтып, алдын ала жарна төлеуін талап еткен. Ол үшін «WhatsApp» мессенджері арқылы жалған құжаттар мен фото жіберіп отырған. 30000 және 40000 теңге ақша алған соң күдікті кейін байланысқа шықпай қойған. Ақша әртүрлі жолмен алған. Тіпті, «Kaspi Gold» арқылы да алғаны анықталды. Жедел-іздестіру шарасы кезінде күдікті ретінде Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктінің осындай қылмысы үшін бұрын істі болғаны анықталды. Қазіргі кезде күдіктінің үстінен ҚР ҚК 190 бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ведомство хабарламасында.