Ақмола облысында дәрігерлер үш литр қан жоғалтқан жас босанған әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
18 шілде күні сағат 13.20-да Ақмола облысының Біржан Сал ауданынан облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығына жүктіліктің 35-ші аптасындағы 37 жастағы әйел ауыр халде келіп түскен.
«Кувелер жатыры (жатыр мен плацентаның апоплексиясы) – өмірге қауіп төндіруші симптомдар кешені. Плацентаның әлсіреуінен қан тоқтамай қояды. Салдарынан қан жатырдың бұлшықетті қабығынан өтіп, құрсақ қуысына енеді. Одан бөлек те диагноздары бар, сондықтан әр секунд маңызды болды», - дейді облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Айымкүл Маханова.
Дәрігерлердің айтуынша, өкінішке қарай, сәбиді құтқару мүмкін болмады. Дегенмен әйелді үйінде жеті баласы күтіп отыр.