11 қаңтар, 15:26
Бұл туралы журналистермен өткен кездесуде палата жетекшілері айтты. Нақты айтқанда сарапшылар текстиль компаниясына еңбек инспекторлары салған айыппұлды тоқтатқан. Бұған қоса теміржолда пайда болған тасымалдаушылардың проблемасын бизнестің пайдасына шешудің сәті түскен.
Соңғы екі айдың ішінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің мамандары 93 шағымды қарастырып, 30%-ы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.
«Жалпы алғанда 2013-2014 жылдары жер қатынастарына байланысты шағымдар көп болды, ондай өтініштер жалпы шағымның 45%-нан астамын құрайтын. Шағымның 10-12%-ы салық салу және кедендік рәсімдеуге қатысты болса, 5-6% заңсыз тексеруге байланысты еді. Бүгінгі таңда жер қатынастарына байланысты шағымның көлемі 25%-ға дейін, кедендік рәсімдеу – 8%, ал тексеруге қатысты арыздар 0%-ға азайды. Бұл көрсеткішке кәсіпкерлер палатасының жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдармен бірлескен байланыс топтары түріндегі өзара белсенді әріптестіктің нәтижесінде, бизнес пен қауымдастық өкілдерінің кеңес беру-ақылдасу және алқалық органдарға қатысуының нәтижесінде қол жетіп отыр», - деді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Акенов.
Жалпы, кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы микрокәсіпкерлік субъектілерін дамытуға баса назар аудармақ. Бұған қоса импорт алмастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда мамандар Шымкентте және Түркістан облысында шығарылуы мүмкін топ-10 тауардың тізімін жасаған. Олардың арасында жүзім, шие, шабдалы, алма, металл-құрылымдар, сұйықтық сорғылары, кілем бұйымдары, шырындар, керамикалық тақташалар, трансформаторлар бар. Дегенмен, өндірушілер бүгінгі таңда жартылай қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Оларға толық өндірістік қуаттылыққа шығуға қаржының жетіспеушілігі, шикізат тапшылығы мен тапсырыстың болмауы кедергі келтіріп отыр. Импорт алмастыра бастау үшін осы үш басты проблеманы шешу керек, дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
Автор:
Бахыт Нурсеит