Түлкібас ауданында 4 мың дана медициналық маска тұрғындарға таратылды

10 сәуір, 13:47

Түркістан облысы Түлкібас ауданында медициналық маска тапшылық жоқ. Өйткені жергілікті аудан тұрғындары ерікті түрде бетперде тігу ісін қолға алып, халыққа көмек қолын созуда.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін елімізде бастау алған "Мейірімді ауылдастар" акциясы аясында Түлкібас аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Тұрар Рысқұлов ауылында халық көп шоғырланатын «Халық банкі», «КазПочта», аудандық орталық емхана және бірқатар ірі сауда орталықтарында ерікті тұрғындар тарапынан тігілген 4000 дана бетперде тегін таратылды.

Игі іске аудан тұрғындары ризашылдықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Бетпердені тарату жұмыстарына аудан әкімдігінің қызметкерлері атсалысты.
Алдағы уақытта дәл осындай игі істер ауданның өзге елдімекендерінде де өз жалғасын табатын болады.