Түркістан облысында заңсыз ауланған 400 келі балық балабақшаға жеткізілді

16 қаңтар, 14:56

​Түркістан облысында заңсыз ​400 келі балық аулағандар ұсталды. Заңсыз ауланған балықтар Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында орналасқан мемлекеттік 3 бөбекжай-балабақшаға үлестіріліп берілді. ​

Түркістандық полицейлер "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізуде. Шара барысында Созақ АПБ-нің полицейлері мен орман шаруашылығы, «Охотзоопром» қызметкерлері бірлескен рейд жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары Қаратау-Тайқоңыр технологиялық тас жолы бойында күдікті көлікті тоқтатып, тексеру кезінде ішінен 400 келі заңсыз ауланған түрлі балықтар бары анықталды. Одан бөлек, көлікті тексеру кезінде балық аулауға арналған құрылғылар айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша тіркелді. Күдіктілердің үшеуі де жергілікті тұрғындар болып шықты. Олар кінәларын толық мойындады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде" делінген Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметте.


Ақпарат ретінде айта кетейік, "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады.