Түркістан облысында жылқының кесірінен болған жол апатынан 5 адам қайтыс болды

05 қараша, 16:00

Полицейлер жол апатына қатысты қылмыстық істі тексеруде, деп xабарлайды Elitar.kz.

2018 жылдың 5 қазаны күні түнгі сағат бірлер шамасында Түркістан облысының Шардара ауданы аумағында жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға орнына келген полицейлер Шардара-Абай тасжолында «Маз» жүк көлігінің жүргізушісі жолға шыға келген жылқыны соққанын анықтайды. Жүк көлігі бұдан кейін жолдың қарсы бағытына шығып, «Лексус» автокөлігімен соғысады. Соның салдарынан «Лексус» көлігінің жүргізушісі – Алматы қаласының тұрғыны және көліктегі 4 жолаушы – Шардара облысының тұрғыны мен Өзбекстан Республикасының 3 азаматы алған жарақаттарынан оқиға болған жерде мерт болды. «Лексус» көлігінің тағы бір жолаушысы – Өзбекстан азаматы жарақатымен аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

Бұл факті ҚР қылмыстық кодексінің 345-бабы (жол жүру ережесін немесе көлік құралдарын басқару ережесін бұзу) бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізімінде тіркелген. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі xабарлады. Сараптамалар тағайындалды. Жүк көлігінің жүргізушісі, Қызылорда облысының тұрғыны қамауға алынды. Сотқа дейінгі тексеру жалғасуда. Қазіргі таңда полицейлер малдың иесін анықтау үстінде.