500 мың теңгеге сан соқтырған: Шымкентте бұрынғы мектеп директоры алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

30 қыркүйек, 17:00

Күдікке ілінген педагог алаяқтық жасаған кезінде мектеп директоры болып жұмыс істемеген.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкенттегі №49 орта мектептің бұрынғы директорына айып тағылып отыр.

«Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі алаяқтық жасады деген күдікпен №49 орта мектебінің бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол қала азаматынан математика мұғалімі ретінде мектепке жұмысқа орналасуына көмектесемін деп алдау жолымен 500 мың теңге сомасында ақша алды деп күдіктеліп отыр. Іс жүзінде сол кезеңде мектеп директоры болып табылмаған және осы мәселені шешуге уәкілеттілігі де болмаған» делінген ведомство мәліметінде.

Қазіргі таңда бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.