Түркістанда денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері велосипедке отырды

08 сәуір, 10:50

Бұл туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысында "Денсаулық күніне" орай денсаулық сақтау басқармасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен ауқымды іс шара өтті.

Шара аясында веломарафон, денсаулық қалашығындағы дәрігердің қабылдауы, спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Отырар ауданынан (Арыстанбаб кесенесі жанынан) веломарафон бастау алып, велошеру Түркістан қаласындағы Есімхан алаңында өз мәресіне жетті. Веломарафонға Түркістан қаласы мен Отырар ауданының белсенді азаматтары, басқарма қызметкерлері, спортшылар және жастардан құралған 120 адам қатысты. Жеңіске жетіп, жүлделі орындардан көрінген қатысушыларға қаржылай сертификат берілді.

"Спорттық іс-шараның мақсаты - өмір бойы салауатты өмір салтын ұстануға мақсат қою арқылы жеке бастың денсаулығын сақтау мен нығайту, адамдарға өзі және отбасының пайдасы үшін таңдау жасау мен шешім қабылдауға көмектесу, денсаулықты сақтау мәселесі жөнінде халықты, жалпы тұрғындарды ақпараттандыру",- деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, "Денсаулық күніне" арналған шара барысында тұрғындар медициналық жолдамасыз-ақ дәрігерлерге қаралып, диагностикалық тексерулерден өтіп, тегін экспресс-анализдер тапсыруға мүмкіндік алды. Жалпы алғанда дәрігерлер 650 азаматты қабылдап, 450 адам экспресс анализ тапсырды.

Түркістан облыстық медициналық әлеуметтік сақтандыру қорындағылардың мәліметінше, 2019 жылы Түркістан облысы бойынша денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға медициналық сақтандыру қоры тарапынан71 550 млрд теңге бөлінді. Оның 27 млрд теңгеден астамы емханалық-амбулаторлық көмекке жұмсалып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілмек. Жалпы саланы қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға артқан.