Павлодарлық полицейлер 8 айдан бері іздеуде болған кәмелет жасына толмаған қызды тапты.
Polisia.kz мәліметінше өткен жылдың 7 мамырында Павлодар қаласының полиция бөліміне жасөспірімнің әжесі шағым түсірген. Тұрғын өз арызында 5 мамыр күні кәмелетке толмаған немересінің үйден кетіп, қайтып оралмағанын көрсеткен. Осы факті бойынша жедел уәкілдер дереу іздестіру ісін жүргізіп, 9 сынып оқушысына мемлекетаралық іздеу жариялады. Полиция қызметкерлері жасөспірім қыздың 1984 жылы туылған танысымен бірге шекараны заңсыз кесіп өтіп, Ресейдің Новосібір қаласының аумағында жасырынғаны туралы ақпарат алды. 2020 жылдың 1 ақпанында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде павлодарлық тәртіп сақшылары Ресей Федерациясының Қылмыстық іздестіру қызметкерлерімен бірлесе отырып мектеп оқушысын Новосібірдегі жалдамалы пәтерлердің бірінен тапты. Жасөспірім үйіне оралды.