8 қылмысқа қатысы бар: Павлодар тұрғыны түрмеден шыққан күні тағы ұрлық жасады

14 қазан, 15:00

Павлодар облысының 23 жастағы тұрғыны бұрын ұрлық пен бұзақылық үшін екі рет сотты болған. Осы жылдың 4 қазанында жазасын өтеп шыққан жас жігіт оңай жолмен ақша тапқысы келді ме, бостандыққа шыға салысымен тағы бірнеше қылмысқа барыпты.

"Күдікті 4 қазан күні кешкі уақытта үй иелерінің болмауын пайдаланып, ондағы 200 мың теңгені ұрлап кеткен. Ал 7 қазан күні сағат 11.00-ден 13.18-ге дейін "Строитель" бағбандық үйінен пластикалық терезені сығу жолымен ақша және алтын бұйымдарын тонаған. Шығын көлемі 7 млн теңгені құрады.
10 қазанда күндіз Железнодорожный кентіндегі үйден жеке заттарын және тағы бір үйден 350 мың теңгені ұрлап кеткен.
11 қазан күні Дальневосточная көшесіндегі үйді тонап, 150 мың теңге шығын келтірген. Бұл ұрлықтың барлығы саяжай аумағында жасалынған" делінген облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Бірнеше ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған азаматтың айтуынша, ол ұрлаған киім-кешектерін өзі киіп, ақшаны қажеттілігіне жаратқан.

Қазіргі таңда жас жігіт 8 ұрлық фактісіне күдікті болып отыр. Жалпы шығын сомасы - 8 млн теңге.
Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды.