Ғабидолла Әбдірахымов: Қалада әлеуметтік-саяси жағдай тұрақты

26 қараша, 19:55

Бұл туралы Шымкент әкімі қалалық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясы кезінде мәлім етті. Бұдан өзге Ғабидолла Әбдірахымов Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасындағы нысандарды бөлу кезінде 99 нысан қаланың коммуналдық меншігіне өткенін айтты ​, деп хабарлайды Elitar.kz.

Сессияда қала әкімі депутаттарға атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Мұнан соң депутаттардың бір ауыздан мақұлдауымен қаланың 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.

Айтпақшы, жиында шаһар басшысы қала статусының өзгеруіне байланысты негізгі күш әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарына бағытталғанын атап өтті. Атап айтқанда, қалалық әкімдіктің басқару құрылымына өзгерістер енгізіліп, штат саны 509 қызметкерден 721-ге көбейген. Ал әкімдіктің 15 салалық бөлімдері қайта құрылымдалып, басқарма болып өзгертілді және жаңадан 8 басқарма құрылған. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасындағы нысандарды бөлу кезінде 99 нысан қаланың коммуналдық меншігіне өткен.

10 айда Шымкентте орналасқан өнеркәсіп өнімінің көлемі 384 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқан. Ал индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 9,5 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, жаңа 613 жұмыс орны ашылған.

– Осыдан екі жыл бұрын қабылданған даму концепциясы бойынша Шымкентті миллионды қалаға жеткізу мақсаты қойылған еді. Біз оған қол жеткіздік. Таяуда Оңтүстік Кореяға барып қайттым. Онда Сеул қаласының басшылығымен кездесіп, құрылыс компаниясының басшыларымен бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Енді келесі жылы қалада үлкен құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы, қалада әлеуметтік-саяси жағдай тұрақты, - деді Ғабидолла Әбдірахымов.