11 желтоқсан, 22:10
Шымкентте өткен белсенді жастар форумында қала әкімі жастарға мотивациялық тұрғыда кеңестерімен бөлісіп, болашақта ең мықты бизнесмендер Шымкенттен шығатынын айтты, деп хабарлайды ELITAR.KZ.
Бір күндік форумның соңғы бөлімінде Ғабидолла Әбдірахымов мінберге шығып сөз сөйледі. Жастардың қазіргі жағдайы, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіншіліктер, жастар саясаты мәселелері және тағы да өзге жайттарды тізбектеп шыққан шаһар басшысы әлеуметтік желіге байланған жастарды жұмыс істеуге шақырды.
«INSTAGRAM-да «комментарий» жазудың орнына барып жұмыс істеңдер. Базарға барып жүк тасыңдар немесе сауда нүктесін жалдап, көтерме саудагерлерден көкөніс алып сатыңдар. Тігін шеберханасын, шаштараз ашыңдар. Істеймін дегендерге жұмыс көп. Ал жалқау адам «Маған лайық жұмыс емес» деп әрқашан сылтау іздейді»,-деді Шымкент әкімі.
«Мен ойлаймын, Шымкенттің жастары өте пысық. Еті тірі, сондықтан да мен сіздерге сенемін. Біз сіздерді әрқашан қолдаймыз. Қазір біз 1-2 аптаның ішінде «Жастар кәсіпкерлік» деген арнайы жоба қабылдаймыз. Барлықтарыңызға мүмкіншіліктер ашылатын болады, Шымкент жастары ең мықты бизнесмен болуы керек келешекте» деген қала басшысы жас буын өкілдеріне жұмыс істеп, табыс тауып қана қоймай, ата-аналарына да жәрдем беру керектігін ескертті.
Айта кетсек, үшінші мегаполисте өткен жастар форумы Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар саясаты жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өтті.