Абылай Мырзахметов: "Түркістандық әр отбасында ең болмаса бір кәсіпкерден болуы тиіс"

15 қараша, 14:57

Түркістан қаласында Кәсіпкерлік палатасының ашылу салтанаты өтті. Жаңа ғимараттың лентасын қиған «Атамекен» ҰКП басқарма басшысы Абылай Мырзахметов өңірлік кеңес отырысын өткізіп, палатадағы заманауи, ыңғайлы жұмыс барысын бағалады, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Шара аясында басқарма төрағасы Палатаның жаңа басшысын таныстырды, Кәсіпкерлер палатасындағы оң өзгерістерге тоқталып, алдағы мақсаттарды айқындады.

"Бұрынғы оңтүсік өңірі, қазіргі Түркістан халқы кәсіпкерлікке қабілеті бар халық. Өз-өзін асырап, отбасын алға сүйреумен қатар, республика экономикасын ілгерілетуде үлесі үлкен. Сондықтан біз осыны және Елбасының тапсырмасын ескере отырып Түркістан облыстық палатасын құрдық. Бүгін соның ашылу рәсіміне арнайы келіп отырмын",-деді Абылай Мырзахметов.

Түркістан облыстық кәсіпкерлік палатасы кәсіпкерлерге тегін түрде қызмет көрсетілетін болады. Сондай-ақ мұнда өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да іске қосылған. Бұрын кеңесшілер көрсетіп келген қызметтерді енді онлайн түрде алуға болады.

Палатада кәсіп үйренем деушілерге кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін бизнес мектеп те жұмыс жасайды. «Түркістандық әр отбасында ең болмаса бір кәсіпкерден болуы тиіс» деген басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Палата өз кезегінде елдің экономикасы мен әлеуетін көтеруде кәсіпкерлермен бірлесе отырып, тиімді шешімдер қабылдауға дайын екенін жеткізді.