Шымкент әкімі тұрғындар сұрағына онлайн жауап береді

01 мамыр, 10:13

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Instagram парақшасында бұл қызметке тағайындалғанына 100 күн өткенін, сонымен қатар шенеунік бұл уақытта алдағы жұмыс бағытын анықтағанын жазды. Бұдан өзге қала басшысы желі жазылушыларына қызықтырған сұрақтарын қоюларын, ал өзі сауалдарға жауап беруге дайын екендігін жеткізді.

"Осы уақыт аралығында атқарылатын жұмыс бағытын анықтадым. Ең алдымен - шалғай аудандарды дамыту. Ондағы тұрғындар қарапайым күнкөріс қажеттіліктеріне қол жеткізе алмай отыр. Сапалы су және жарық жүйесімен қамтылмаған.

Тағы бір маңызды мәселе - қаланың инфрақұрылымын дамыту. Бұл АГРС құрылысы (қаланы 100% газбен қамтуға мүмкіндік береді ), Бозарық-2 қосалқы станциясын пайдалануға беру (тұрғындарды сапалы жарық жүйесімен қамту мәселесін шешеді) және инженерлік коммуникацияларды тарту.

Қала жолдары - өзекті мәселенің бірі. Қаланың Кешенді жоспарына сәйкес, алдағы үш жылда қала жолдары жөнделіп, мәселе тудырмайды.

Карантин кезінде де құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. 19 маусымда көптеген тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Жаңа жыл қарсаңында қолдануға берілетін көпқабатты үйлер де аз емес. Бастысы мердігерлерден сапасы сынға төтеп берер үйлерді ғана қабылдап алу.

Мектептерге келер болсақ, біздің балалар қауіпсіз, стандартқа сай мектептерде білім алуға лайықты. Лық толы сыныпта, үш ауысымда оқытып жатқан мектептер мәселесін шешіп жатырмыз.

Шымкент биыл "ТМД-ның мәдени астанасы" мәртебесін алды. Расында, қала тарихында қалатын айтулы оқиға. Алайда, карантин бұл жоспардың іске асуына кедергісін келтірді. Қаншама іс-шаралар кейінге қалдырылды. Төтенше жағдай аяқталған соң барлық жоспарлар өткізіледі деп үміттенемін. Шымкенттіктер оған лайықты және баршамыз күтудеміз.

Әуе және ТЖ вокзалдарын жабу сияқты шаралар дер кезінде орындалып, қауіпті инфекцияның таралу деңгейін төмендетті.

Карантин кезеңінде енгізілген шектеулерге түсіністікпен қараған тұрғындарға алғысымды білдіремін. Осындай қиын сәтте қауіпсіздік үшін аянбай еңбек етіп жүргендерге ерекше "Рақмет" деймiн.

Сіздердің жазған пікірлеріңізді үнемі қарап отырамын. Олардың әрбірі -менің жұмысыма берген бағаларыңыз. Қоғам дамуына бейжай қарамайтындықтарыңызға тәнтімін. Өкінішке орай, барлық сұраққа жауап беріп үлгермеймін.

Дегенмен, бүгін СҰРАҚ-ЖАУАП айдары болсын. Сұрақтарыңызға бір апта көлемінде жауап беремін. Осы жазбаның астына сұрақтарыңызды, онымен қоса қаланы көркейтуге қатысты ұсыныстарыңызды қалдырыңыздар. Біз біріксек, бәрін еңсереміз!
Сұрақтар тәулік ішінде - 1 мамырдың 20:30-ға дейін қабылданады" деп жазды Мұрат Әйтенов INSTAGRAM парақшасында.