Алматы қаласы әкімінің орынбасары бала күтіміне байланысты қызметінен кетті

27 мамыр, 14:30

Әсел Жүнісова өз еркімен жұмыстан босатылды. Босаған лауазымға стратегия және бюджет басқармасының бұрынғы басшысы Ілияс Усеров тағайындалды, деп хабарлайды Elitar.kz.

Жүнісованың айтуынша, ол бала тәрбиесімен айналысу үшін жұмыстан өз еркімен босаған.

"Менің балам аутизммен ауырады. Өзімді балама арнағым келеді", — деді Жүнісова.

Айта кету керек, Әсел Жүнісова жұмыстан біржола қол үзбейтін болды. Енді ол мегаполис әкімінің кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастыра береді.

Әсел Жүнісова 2015 жылдың қазан айында әкімнің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін "Нұр Отан" партиясының орталық аппаратын (ОА) басқарды (2014 жылдың ақпан айынан 2015 жылдың қаңтар айына дейін). Бұған дейін әр жылдары партия ОА басшысының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің (ПӘ) Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары және ПӘ Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы секторының меңгерушісі болып жұмыс істеді.