Алматы әкімі халықпен әр үш ай сайын еркін форматта кездесіп тұратын болды

10 қыркүйек, 16:00

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.

Қызметіне кірісе сала халықпен кездесу мақсатында аудандарды аралап, ондағы өзекті мәселелерден хабардар болған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев енді азаматтарды жеке қабылдауды бастады.
Алғашқы қабылдау күнінде шаһар басшысына 25 тұрғын өз проблемаларын айтып келді. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі баспана, жер, коммуналдық және әлеуметтік салаларға қатысты.

"Мәселелердің кейбіреулері бірден шешіліп жатты. Қосымша зерттеуді қажет ететін өтініштер де болды, мектепке және көшеге ат беру - үкіметтік деңгейдегі комиссия шешімімен ғана іске асатын мәселе.

Әр өтініш бойынша нақтылы жауаптар әзірленеді. Оң шешімін тапқан жағдайда орындалу мерзімі мен жауапты адамдардың аты-жөні көрсетіледі.

Енді азаматтарды жеке қабылдау қала әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы филиалының офисінде тұрақты өтеді. Ал, тұрғындармен «еркін микрофон» форматында кездесу әр тоқсанда бір рет өтетін болады" делінген қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.