Алматы әкімдігі мектеп тапшылығын қалай реттемек? Сағынтаев пікір білдірді

29 қараша, 13:15

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz.

Бүгінгі күні Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы 30 мыңды құрайды. Ал балабақшалардағы орын тапшылығы - 20 мыңнан астам.

«Бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік-жеке әріптестік қағидасы бойынша мектептер салу бағдарламасы әзірленді. Таяу арадағы екі жыл ішінде шамамен 13 мың орынды сегіз мектеп салынатын болады», - деді Алматы әкімі.

Қала басшының айтуынша, 2020 жылдың басында 790 орынды бес балабақша пайдалануға беріледі, жаңа оқу жылында 1800 орынды екі мектеп және бұрыннан бар мектептердің жанынан 2017 орынды бес қосалқы нысан іске қосылады. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жолымен жеке бизнес тартылуда. 2020-2022 жылдары жеке инвестициялық есебінен 2240 орынды төрт мектепті, 8000 орынды 300 балабақшаны ашу жоспарлануда.

«Осылайша аталған шаралар екі ауысымда білім алатын мектептердегі тапшылықты 30 мың орынға қысқартады, сонымен қатар, балабақша кезегін 10 мың орынға азайтады», - деді Бақытжан Сағынтаев.