Алматы облысына қарасты Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев қоғамдық орындарда ішімдік ішетіндермен күресіп жүр. Тіпті оның видеосын өзінің желі парақшасында жария етті, деп хабарлайды Elitar.kz.
"Бүгін менің қабылдауымда қала тұрғыны бір әйел келіп күйеуінің күнде арақ ішетінін айтып, жасырын түрде сатылатын арзан (Өскемен) арағына тосқауыл қойуды сұраған болатын. Ал, кешке өзім қала аралап жүріп мынандай масқараға тап болдым. Ата-бабам ішпеген арақ-шарапты қалай тоқтатамыз ағайын, ақыл айтыңыздаршы, жолын көрсетіңіздерші. Полиция бастығы Ұ. Садықов және кірістер басқарма басшысы Қ. Нұрғалиев шұғыл шара қолданыңыздар" деп жазды қала әкімі INSTAGRAM парақшасында.
Шенеунік жария еткен видеодан белгісіз үш ер азаматтың ішімдік ішіп отырған сәтін көруге болады. Серуендеп жүрген қала әкімі олардың қасына келіп: "Мынау арақ қой сендердің ішіп отырғандарың. Неге бұл жерде ішесіңдер?" деп айтқаны сол, әлгілер қашып кетеді. Олардың артынан шенеунік: "Кел бері, түріңді көрсет. Анау бөтелкеңді алып кет" дейді.