Алматы қаласы маңында апатқа ұшыраған "Беа Эйр" әуе компаниясының ұшағында Қазақстаннан бөлек Украина, Қырғызстан және Қытай азаматтары болған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Ұшақ бортында жалпы 5 экипаж мүшесі мен 93 жолаушы болған. Оның екеуі Украина (Юрий Сон мен Яна Сон), біреуі Қырғызстан (Маг Клыков), тағы біреуі Қытай (Маулина Нурлан) азаматтары, ал қалғандары — қазақстандықтар. Оқиға салдарынан 12:30-дағы жағдай бойынша 12 адам, оның ішінде экипаж командирі қаза тапты. Алматы қаласының түрлі медициналық мекемелеріне 49 адам жатқызылды. Олардың 18-інің жағдайы ауыр. Қалғандарына медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Қауырт желіге 603 қоңырау түсті. Құтқару жұмыстары жалғасуда», - делінген ведомство мәліметінде.