Алматыда ақталып шыққан судья ақыры сотталды

23 қазан, 15:33

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz.

"Бүгін Алматы қаласы №2 Әуезов аудандық сотының судьясы А.Штейнке 10 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара алу кезінде алаяқтық және арандатушылық жасағаны үшін қалалық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасының үкімімен 3,6 жылға сотталды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды. Аталған фактіні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ішкі қауіпсіздік және ҚР Жоғарғы сотының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесіп анықтады" делінген ведомство хабарламасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін 23 шілдеде Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен судья А.Штейнке ақталған болатын. Алайда жәбірленуші тарап ол үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.