Алматыда тұрмысы төмен отбасыларға газ тарту үшін пайызсыз несие беріледі

19 ақпан, 13:28

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халықпен өткен есептік кездесуінде газдандыру жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Шаһар басшысы өз сөзінде Түрксіб ауданында өткен кездесуде тұрғындардың газ құбырының жоқтығына шағымданғанын атап өтті. Алатау ауданы бойынша магистральді желілер жоқ. Ал магистральді желілерді жүргізу аяқталса, бұру желілерінің жоқтығын айтып, осылайша газға қосылу мүмкіндігінің болмағанына тұрғындар шағымданған.

"2019 жылдың екінші жартыжылдығында 3000-нан астам жеке үй газдандырылды. Қала аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарын газ желілеріне қосу – қала үшін ерекше мәселе. Алатау және Наурызбай аудандарындағы 210 үйдің 62 үйін газ жүйесіне қосу жұмысы қалды. Екі ауданда да мердігер компаниялармен келісімшарт жасалды. Жұмыстарды 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау жоспарланған. «КазТрансГаз Аймақ» газды 148 мыңға тартып береді. Ал, басқа мердігер компаниялар бұл қызметі үшін 250–300 мың теңге аралығында алады екен. Бұл тұрғындар үшін оңай емес. Сондықтан біз Halyk банкпен келістік. Қала әкімдігі банкпен тұрғындарға газбен жылыту және үйішілік жабдықтарға қосылуы үшін 0%-бен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ, Халық банкінің аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үйішілік жабдықтарға өтеусіз негізде субсидиялауы мәселесі қарастырылды",-деді қала әкімі.

Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше пайызсыз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік береді және несиені 1 жылға рәсімдеуге болады.