Алматыда Алатау ауданындағы №37 балабақшаның меңгерушісі қызметінен босатылды, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Меңгерушіні қызметінен босату туралы бұйрық бүгін, 4 мамырда шыққан.
«Бұл дерек ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлімімен сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. 35 жастағы тәрбиеші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жақын арада іс материалдары сотқа жолданады», - деген болатын қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Мұның алдында баланы ұрып-соққан тәрбиеші де жұмыстан шығарылған.
"Тәрбиеші 3 мамырда жұмыстан шығарылды. Мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісіне балабақшадағы бақылаудың нашарлағаны үшін сөгіс жарияланды. Алматы қалалық білім басқармасы мекеменің жұмысын қатаң бақылауға алды", - деп хабарлады БҒМ өкілдері.
Еске салайық, Алматы қаласындағы балабақша тәрбиеленушілерін тәрбиешісі ұрғаны туралы видео желіге тарап кеткен болатын. Видеода тәрбиеші 3-4 жас шамасындағы баланы жатын бөлмеден сүйреп шығып екінші бөлмеге апарып ұрғаны түсіп қалған. Артынан екінші баланы да ұрып жатқаны көрінеді. Видео сыртында ата-аналар мен кешірім сұрап тұрған әйелдің даусы естіледі.