Алматыдағы ұшақ апаты: Әуежай маңынан заңсыз жер телімін беру дерегі бойынша тергеу басталды

10 қаңтар, 17:00

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Алматы әуежайының маңынан жер учаскелерін заңсыз беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.

"Әуежай аумағынан тыс заңсыз құрылыс бойынша: Алматы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Талғар ауданында әуежай маңында жер учаскелерін заңсыз беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Белгілі болғаны, 2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары қызметтерін асыра пайдаланып, жеке шаруашылық жүргізуге, тұрғын үй құрылысын салуға әуежайдың санитарлық қорғаныс аймағынан заңсыз жер берген...", - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еске салсақ, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған "БекЭйр" әуе компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін ұшақ әуежай аумағына жақын маңдағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылғаны белгілі болды. Апат салдарынан 12 адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың қатарында ұшақ командирі де бар.