23 қаңтар, 20:30
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген тағайындалғанына екі-ақ күн болған Шымкент әкіміне алғыс айтты. Бұл туралы ол INSTAGRAM парақшасында жазды, деп хабарлайды Elitar.kz.
"Шымкент қаласының жаңа әкімі Мұрат Әйтеновке жануарлар жанашырларының өтінішін жылдам назарға алып, "Тортилла" көшпелі хайуанаттар бағының жұмысына тыйым салғаны үшін үлкен рахмет! Ол жануарлармен байланыс зообағының әкімшілігіндегілерге қаладан кетуі үшін 10 күн уақыт берді (мен 3 күннен артық бермес едім).
"Тортилланың" иесі әрмен қарай Қазақстанның өзге де қалаларына көшпенді хайуанаттар бағын алып бармақшы екен. Осы ретте еліміздегі барлық облыс, қала әкімдеріне үндеу тастаймын. "Тортилла"-ның әрмен қарай жұмысын жүргізуге және сол секілді өзге де бизнесмендерге бейшара жануарлар арқылы табыс табуына мүмкіндік бермеңіздер" деп жазды депутат Қайрат Құдайберген.
Сонымен қатар халық қалаулысы елімізде жануарлармен байланыс зообақтарының жұмысына заң аясында тыйым салу керектігін атап өтті.
"Мен сонымен қатар жануарлармен байланыс зообақтардың жұмысына заң тұрғысында тыйым салу қажеттігі мәселесін көтеріп, "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен талқыладым. Ол кісі де қолдады.
Ресей секілді Қазақстан да жуық арада көшпенді зоологиялық бақтардың жұмысына қатысты заң қабылдайды деп үміттенемін. Себебі зообақтың ол түрі - бейшара жануарларды қорлау.
Құрметті қазақстандықтар, өз балаларыңызға дұрыс құндылықтарды үйретіп, көшпенді хайуанаттар бағына бармаңыздар" деп үндеу тастады Қайрат Құдайберген.
Естеріңізге салсақ, алматылық депутат Шымкент әкімі тағайындалған күні (авт:21.01.2020) шаһар басшысына қаладағы "Тортилла" бағының жұмысына тыйым салу қажеттігі туралы алғашқы өтінішін тастаған тастаған еді. Бүгін белгілі болғаны, "Наурыз парк" сауда орталығы алдындағы "Тортилла" зообағы жұмысын тоқтатып, қаладан шығуына 10 күн уақыт берілді.