Алматылықтың «Toyota Camry 70» көлігін ұрлап кеткен күдікті оны Қырғызстанға сатпақ болған

20 желтоқсан, 12:00

Алматы қаласының Полиция департаментіндегілер «Toyota Camry 70» автокөлігін ұрлаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Еске салсақ, 17 желтоқсан күні қала тұрғыны Бостандық аудандық полиция басқармасына көлігінің ұрланғанын айтып, шағым түсірген. Бұл жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабымен іс қозғалды. Тәртіп сақшылары жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде көлікті ұрлап әкеткен күдікті 19 желтоқсан күні кешкі уақытта Алматы-Тараз тас жолының бойында ұсталды. Күдікті көлікке жалған мемлекеттік нөмер тағып, оны Қырғызстанға апарып сатпақ болған. 24 жастағы күдікті көлік иесінің танысы болып шықты. Ол көлік иесінің сеніміне кіріп, автокөлік кілтін үйінен ұрлап алып шыққан. Алғашында полицейлерге «Toyota Camry 70» машинасымен ауылына барғысы келгенінен айтқан ол кейінірек темір тұлпарды сатпақ болғанын жоққа шығармады. Қазіргі таңда жас жігіт Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Ал көлік заңды иесіне қайтарылды.