Алматының екі тұрғыны пошта арқылы Еуропадан есірткі алдырып, Қазақстанда сатып келген

14 қараша, 11:50

ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласының аумағында өткізу мақсатында Қазақстан Республикасына Еуроодақ елдерінен пошталық жөнелтілімдер арқылы синтетикалық есірткі жеткізудің контрабандалық арнасын ұйымдастырған есірткі тобы әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылдың 6 қарашасында пошта бөлімшесінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде 968 психотроптық таблетка алумен Қазақстан Республикасына Германия арқылы Нидерландыдан контрабандалық есірткі жеткізуді ұйымдастыруға қатысы бар Алматы қаласының екі тұрғыны ұсталды.

Ұсталған бір азаматтың тұрғылықты жері бойынша шамамен 1,5 кг «гашиш» есірткі түрі мен 30 г мефедрон алынды. Алынған заттар сот-химиялық сараптамаға жолданды.

Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу интернет-дүкен арқылы жүзеге асырылған.

Осы факт бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адамдар Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.