Алты айда Қазақстанға 7 мыңға жуық қандасымыз көшіп келді

22 шілде, 18:09

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.

Жарты жылдың ішінде шетелден елімізге 6796 адамнан тұратын 4244 отбасы көшіп келген. Көш басында Өзбекстан қазақтары тұр. Ол жақтан 6 айда 2355 отбасы, яғни, 3800 адам қоныс аударған. Ал екінші орында Қытай Халық Республикасы. Аспан асты елінен 1553 мүшесі бар 1005 отбасы тарихи отандарына оралған.

Отанына оралған қандастардың қатарында Түрікменстан елінен келушілер де баршылық. Бұл елден 532 адамнан тұратын 282 жанұя Қазақстанға қоныс аударған.

Одан өзге Моңғолиядан 402 қазақ, Ресейден 145 қазақ, Ираннан 62 қазақ, Қырғызстаннан 46 қазақ, Тәжікстаннан 11 қазақ, Түркиядан 3 қазақ, өзге де шет мемлекеттерден 239 қазақ Қазақстанға көшіп келген.

Айта кетейік, informburo.kz хабарлауынша, Қазақстаннан көшіп кеткендер саны артыпты: үш айда 8 мыңнан астам отандасымыз өзге елге қоныс аударып үлгерген.