​Ақмолада аудан әкімі ағылшын тілінен сабақ беріп жүр

29 қаңтар, 16:00

Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Исабеков басшылық қызметтен бөлек, ұстаздық еңбекті де алып жүр, деп хабарлайды Elitar.kz.

Бұл туралы аудан әкімі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

«Сабақ беріп жүрген алғашқы әкім мен емес деп ойлаймын елімізде. Шыны керек, алғашында біраз ойландым. Яғни, адамдар қалай түсінеді деген ой мазалады. Біреулерге ұнамай қалуы да мүмкін ғой. Халық ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартумен неге айналыспайды деп айтуы ықтимал деген ойлар да мазалады. Ойлана келе, жұмыстан бос уақытта немесе демалыс күндері сабақ беруге бел будым», - деді ол.

Бір қызығы, қазіргі таңда әкімнен сабақ алуға ынтық тұрғындар қатары артқан.

Айта кетерлігі, Ерлан Исабеков «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол АҚШ-тағы Джорджтаун университетінде білім алған.

Фото: today.kz