Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті өңірде жарылғыш заттарды ұрлаумен және оны заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2019 жылдың 20 қарашасында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аммонит шашкалары мен капсюль-тұтандырғыштарды өткізу кезінде қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталды.
Көп кезеңді жедел зерттеу барысында 2019 жылдың қазан-қараша айларында осы қылмыстық топқа қатысушылардан 809 аммонит шашкасы және жалпы салмағы 200 кг артық аммониті бар 2 пакет, сондай-ақ 442 капсюль-тұтандырғыш алынды.
Ұсталған азаматтар Көкшетау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.