Ақмолада жастар саясаты басқармасының қызметкеріне сот үкімі шықты

10 қазан, 14:00

​Ақмола облыстық жастар саясаты басқармасының қызметкері мен қоғамдық бірлестіктердің бірқатар өкілдері бюджет қаражатын жымқырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметіндегілер хабарлады.

«Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Ақмола облысы жастар саясаты басқармасы» КММ бас маманы Қ.Асқарға, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері Б.Әнуарбек, А.Исин, Е.Нұрахмет пен Ш.Жүсіповке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар алаяқтық жасап, жалған шарттар мен есеп беру құжаттарын дайындау және пайдалану арқылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметін ұйымдастыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бөлінген 1 416 954 теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды», - делінген баспасөз хабарламада.

9 қазанда Көкшетау қалалық сотының үкімімен аталған тұлғалар кінәлі деп танылып К.Асқарға – өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыру және 14 169 540 теңге сомасында айыппұл төлеу, ал қалған төртеуіне 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.