Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды онлайн режимде қабылдайды

20 наурыз, 13:02

Қазақстанда COVID-19 коронавирустың таралу қаупіне орай төтенше жағдай енгізілуіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде түрлі іс-шаралар, семинарлар, конференциялар мен тұрғындар көптеп жиналатын шаралар тоқтатылды.

Департамент туындаған мәселелерді шешуге телекоммуникациялық және басқа да байланыс құралдарын пайдаланатын болады.
Азаматтардың қатысуымен тергеу және жедел іс-шаралар жүргізу респираторлық гигиена ережелерін және басқа да сақтық шараларын сақтай отырып, тек жауап алу бөлмелерінде жүргізіледі. Бұдан басқа, байланыссыз термометрияны, сондай-ақ ЖРВИ-ның басқа да көрнекі белгілерін қолдану арқылы анықталған дене қызуы жоғары белгілері бар тұлғаларға (қызметкерлерге, қызмет көрсететін персоналға, қылмыстық процеске қатысушыларға және өзге де келушілерге) департаменттің әкімшілік ғимараттарына кіруге тыйым салынады. Одан өзге департамент азаматтарды қабылдауды әлеуметтік желілер, Skype және өзге де интернет ресурстары арқылы жүзеге асырады. Алдын ала жазылу 8(7252)98-14-20 байланыс нөмері арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар e-gov.kz электронды порталы мен «Қазпошта» арқылы дам хат жолдауға болады.

Тағы атап өтерлігі, агенттіктің 1424 нөмерлі Call-орталығы тәулік бойына қызмет көрсетеді. Орталық арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және өзге де сұрақтарға кеңес алуға болады.

Еске салсақ, 15 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес 16 наурыз сағат 00.00-ден бастап 15 сәуір сағат 07.00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді.