Қарағандыда екі көлік соқтығысып, полицей мен тағы бір адам көз жұмды

30 қыркүйек, 16:30

Көлік апаты салдарынан тағы төрт адам зардап шекті. Олардың бірі - облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары.

Қарағанды-Жезқазған автожолының Құлайғыр ауылынан 5 шақырым жерінде 40 жастағы ер адам тізгіндеген «Аudi» автокөлігі мен 25 жастағы ер адамның басқаруындағы «ВАЗ» көлігі соқтығысқан. Жол-көлік апаты салдарынан «ВАЗ» жүргізушісі – полиция қызметкері мен оның 21 жастағы жолаушысы көз жұмды. 22 жастағы тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жатқызылды. Белгілі болғаны, жарақат алған жолаушы әйелдің аяғы ауыр. Дәрігерлер оның және сәбидің өмірін аман алып қалу үшін күресуде.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер «Аudi» жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алғанын қосымша хабарлады. Олардың бірі облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жол апаты себептері анықталуда. .