Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Саданов Түркістан облысындағы әскери бөлімнің кіші сержантына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, министрліктің жедел тергеу тобы хабарлама келіп түскен сәттен бастап тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Әскери қызмет орнын тастап кеткен кіші сержантты ұстау үшін Түркістан облысы мен Шымкенттегі Полиция департаменттернің гарнизоондары, ұлттық ұлан құрылымы жұмылдырылған.
Еске салсақ, Ордабасы ауданындағы әуеге қарсы қорғаныс әскери бөлімде келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген кіші сержант, 1995 жылы дүниеге келген Абылай Балғынбайдың кезекшілік кезінде қызмет орнын тастап кеткені туралы хабарлағанбыз. Белгілі болғаны, әскери қызметші бөлімдегі қоймадан бірнеше қару-жарақ пен оқ-дәріні алып, бой тасалаған деген күдікке ілінді. Әскери бөлімдегілер қару-жарақтың қолды болғанын бүгін таңғы сағат 7-де білген. Әзірге кіші сержантты іздеу шаралары жүріп жатыр.