Арыс оқиғасы: Зардап шеккен саперлардың үшеуі ауыр халде жатыр

23 қыркүйек, 15:30

Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілер жарылысынан зардап шекен саперлардың жағдайы туралы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беру кезінде айтып берді.

"21 қыркүйекте зардап шеккен әскерилер жедел түрде госпитальға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Үшеуінің жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы - орташа деңгейдегі ауыр және тағы біреуінің жағдайы - қанағаттанарлық. Олар таяуда қатарға қосылады деген үміттеміз", - деді министр.

Ермекбаев әскерилер әскери бөлім аумағын толық тазартып, залалсыздандырғанын айтып өтті. Қалаға, тұрғындарға келер қауіп жоқ.

Еске салсақ, өткен сенбі, 21 қыркүйекте арнайы жабдықталған полигон аумағында (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) жоспарлы жару жұмыстары барысында оқ-дәрінің фрагменті өздігінен жарылды. Салдарынан келісімшарт бойынша арнайы дайындалған 10 сапер-әскери қызметші жарқыншақ жарақатын алды.

Фото: informburo.kz