Бұл туралы Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов айтты, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
«Тұрғындар қалаға қайта кіргізілгелі бері (автор: 28 маусымнан бері) өрт сөндіру бөлімі қызметіне екі рет қоңырау шалынып, өрт сөндірілген болатын. Ол шаруашылық құрылыстардағы төтенше жағдай. Сонымен қатар тағы екі дала өрті тіркелді. Ал жалпы айтсам, Арыста жарылыс орын алған күннен бастап 70 өрт орны сөндірілді. Оның 25-і тұрғын үйлерде орын алған болса, 15-і шаруашылық құрылыстарда. Ал қалғаны дала өрттер»,-деді департамент басшысы.
Айта кетейік, 28 маусым, арыстықтар үйлеріне жаппай орала бастаған күні таңғы сағат төрт жарымдар шамасында әскери бөлімшеге жақын аумақтағы елдімекендегі тұрғын үйде өрт шыққан. Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, бұл өрт электр желілерінің тұйықталуынан орын алуы мүмкін. Департамент басшысы арыстықтар үйлеріне келгеннен бері орын алған төтенше жағдай оқиғаларының әлі бірде-бірінің нақты себебі анықталмағанын айтты. Дегенмен ол бұл өрттер жарылмай қалған снаряд қалдықтарының жарылуынан орын алмағанын кесіп айтты. Себебі оқиға орнынан снаряд бөлшектері табылмаған.